- Басты бет
- Онлайн тренингтер
- ГИДРОСФЕРА
- ДҮНИЕЖҮЗІЛІК МҰХИТ СУЫНЫҢ ҚАСИЕТТЕРІ
ДҮНИЕЖҮЗІЛІК МҰХИТ СУЫНЫҢ ҚАСИЕТТЕРІ
мҰХИТ СУЫНЫҢ ҚАСИЕТТЕРІ. бейнедәріс
Мұхит суының қасиеттері
Мұхит суының негізгі қасиеттері: тұздылығы, температурасы және тығыздығы. Тұздылық – мұхит суында еріген барлық
тұздардың жалпы саны. Судың тұздылығын – промилле ‰ мөлшерімен есептейді. Егер судың тұздылығы 15‰-ды құраса, бұл бір литр теңіз
суында 15 грамм тұз ерітіндісі барын білдіреді. Мұхит суының орташа тұздылығы – 35 %.

Судағы тұздылықтың таралуы атмосфералық жауын-шашын мен булануға байланысты экватордан полюске қарай азаяды. Экваторда судың тұздылығы – 34‰, тропиктік ендікте тұздылық – 38‰, қалыпты және полярлық ендікте – 33‰. Дүниежүзілік мұхиттағы ең жоғары тұздылық Қызыл теңізде (41-42 %), ал ең төменгі тұздылық Балтық теңізінде (2-5 %) байқалады. Мұхит ағыстары мен ірі өзен сулары тұздылықтың зоналық таралуына кедергі жасайды. Картада тұздылығы бірдей жерлерді біріктіретін сызықты изогали деп атайды. Мұхит суынан ең көп ас тұзы, сонымен қатар калий, магний тұздары өндіріледі. Өлі теңіз суының орташа тұздылығы – 260–270%.
Дүниежүзілік мұхит суының температурасы күннің жылу мөлшеріне байланысты болады. Мұхит – жер бетіндегі «жылу қорының жинаушысы». Мұхит бетінің жылдық орташа температурасы экваторлық ендіктерде ең жоғары (+28°С) көрсеткішке ие, ал төменгі көрсеткіш (-1,-2°С) полярлық ендіктерде байқалады. Жалпы мұхит бетінің орташа жылдық температурасы +17,4°С. Мұхит суының беткі температурасының ең жоғары көрсеткіші (+34°С) Парсы шығанағында байқалған. Тереңдеген сайын судың температурасы төмендейді. Өйткені судың 200 м тереңдікке дейінгі бөлігі Күн сәулесімен жылынады. Одан арғы тереңдіктерде су 0°С мен +4°С аралығында тұрақты болады. Мұхит түбіндегі суларға Жердің ішкі жылуы әсер ететіндіктен, ондағы температура біршама жоғары. Мұхит суларының жалпы бөлігінің температурасы +4°С шамасында. Мұхит суы -2°С температурада қатады. Дүниежүзілік мұхит ауданының 3-4%-ы мұз құрсауында жатыр. Мұздар біржылдық және көпжылдық, қозғалмайтын және қалқыма болып бөлінеді.
Судың тығыздығы оның тереңдігіне байланысты. Әр 10 м тереңдеген сайын қысым 1мм қысымға артады. Судың ең жоғары тығыздығы Атлант мұхитының беткі суларында, ал ең төмен тығыздық Тынық мұхит суында болады.
Дүниежүзілік мұхит суы қасиеттерінің маңызы. Дүниежүзілік мұхит суының жылу өткізгіштік қасиеті жоғары болатындықтан, мұхит суы баяу қызып, баяу суиды. Егер судың мұндай қасиеті болмаса, Жер бетінің орташа температурасы 36°С болар еді. Судың осы қасиеті нәтижесінде мұхитқа жақын жатқан аудандардың тәуліктік және маусымдық температура ауытқуы аз. Теңіз суының қату қарқыны және теңіздер мен мұхиттарда мұз құбылыстарының артуы судың тұздылығына байланысты болады. Судың тұздылығы мен температурасының теңіз өсімдіктері мен жануарлары үшін маңызы зор. Көптеген балдырлар, теңіз омыртқасыздары және балықтың кейбір түрлері белгілі бір температурада, тұзды суда тіршілік етеді.
