- Басты бет
- Онлайн тренингтер
- ГИДРОСФЕРА
- МҰХИТ СУЫМЕН БАЙЛАНЫСТЫ АПАТТАР
МҰХИТ СУЫМЕН БАЙЛАНЫСТЫ АПАТТАР
Цунами
Дауылдар
Мұхит суларымен байланысты апаттар
Табиғи апаттар– халықтың тіршілік жағдайының бұзылуына әкеп соқтыратын, көптеген адам шығыны мен материалдық шығынға ұшырататын, қоршаған ортаға кері нұқсан келтіретін әртүрлі табиғи құбылыстар. Мұндай табиғи апаттарға дауыл мен цунами жатады.
Мұхиттың беткі жағы желдің әсерінен үнемі қозғалыста болады. Жел жылдамдығы 10 м/с-тен асқанда толқын күшейіп, оның биіктігі 2,5–3,5 метрге жетеді және желдің күшеюінен дауыл тұрады. Дауыл – Дүниежүзілік мұхит аумағында желдің күші 20 м/с-тан асқан кезде пайда болатын табиғи құбылыс. Әдеттегі дауыл кезінде – 6–10 секунд уақыт аралықта теңіз толқынының ұзындығы 60-тан 150 метрге дейін, биіктігі 6-дан 8 м-ге дейін жетеді. Дауыл Тынық мұхиттың солтүстік-шығыс, оңтүстік бөлігінде, оңтүстік Поляр шеңбері маңында жиі байқалады (116-сурет). Бұл аудандарда жел жылдамдығы 46 м/с, ал толқынның биіктігі 25 метр, ұзындығы – 350-400 метрге жетеді.

Дауылды толқындар заманауи мұхит кемелері үшін үлкен қауіп туғызады, олар қатты шайқалғаны соншалық – кейде аударылып немесе батып кетуі мүмкін. Мысалы, 1994 жылы 28 қыркүйекте Эстония паромы Балтық теңізімен Таллиннен Стокгольмге сапары кезінде дауыл салдарынан суға батып, 852 адамның өмірі қиылды. 2002 жылы 26 қыркүйекте Батыс Африкадағы Гамбия жағалауы маңында дауыл тұрып Сенегал паромы аударылып, 1 800 адам қайтыс болған. Қатты дауыл кезінде тіпті үлкен Трансатлантикалық лайнерлер де апатқа ұшырайды. (117-сурет).

Цунами. Судың астында жанартау атқылап, жер сілкінуден цунами болады. Цунами деген сөз жапон тілінен аударғанда «толқынның
көтерілуі» дегенді білдіреді. Цунами – жер сілкінісі мен жанартау атқылаудан туындайтын мұхиттағы толқындар (118-сурет).

Жер сілкінісі кезінде су астында тігінен сызат пайда болып, су табанының бір бөлігі төмен түседі де, бір бөлігі жоғары көтеріледі. Мұхит түбі үстіндегі су бағанын көтере алмайды. Су төмен түсіп, су бағаны тік бағытта тербеліп, толқын туғызады. Бұл толқындар реактивті ұшақтың жылдамдығымен пара-пар 700–1000 км/сағ жылдамдықпен жан-жаққа таралады. Жағалауға жақындаған сайын цунамидің жылдамдығы азайып, биіктігі 30 м және одан астам артып, жағалауды басып қалады.
Цунамиді зерттеу нәтижесі көрсеткендей, барлық цунамидің 85%-ына суасты жер сілкінісі себеп болады екен, бірақ ең жойқын цунами 7 балдан астам жер сілкінісі кезінде орын алады. Цунамидің 80%-дан астамы Тынық мұхит аймағында, Жапония, Индонезия және Камчатка түбегінде (Ресей) туындайды.

Неліктен цунами көп адамның өмірін қияды және шығын келтіреді? Бұл цунамидің пайда болу үдерісімен байланысты. Теңіз дауылы кезінде тек судың жоғарғы қабаты қозғалыста болады, ал цунами кезінде бүкіл су жағалауға лап қояды. Жойқын цунами еш тежеусіз жолындағының бәрін жайпап өтеді.
2004 жылы желтоқсанда Оңтүстік-Шығыс Азияда цунами кезінде 235 000 адам құрбан болды, жарты миллионнан астам адам баспанасыз қалды. 2011 жылы 11 наурызда Жапонияда болған цунами салдарынан қалаларды су басып, қирап, апат орын алып, бірнеше атом стансыларында реакторлардың жұмысы тоқтады және 25000-нан астам адам өлді. Ал материалдық залал сомасы 210 миллиард долларды құрады.

