ГИДРОСФЕРА ЖӘНЕ ОНЫҢ ҚҰРАМДАС БӨЛІКТЕРІ

ДҮНИЕЖҮЗІЛІК СУ АЙНАЛЫМЫ

ГИДРОСФЕРА

Жердің су қабықшасын гидросфера деп атайды.  Гидросфера Дүниежүзілік мұхит пен құрлық суларынан тұрады.

 Гидросферадағы бүкіл су көлемі – шамамен 1,6 млрд км3. Гидросфераның басым бөлігін – 96,5%-ын Дүниежүзілік мұхиттың тұзды суы, ал қалған бөлігін құрлық сулары құрайды. Мұздықтардағы тұщы су үлесі – 1,7%, жерасты суларында – 1,7%, өзен, көл, батпақ пен атмосферадағы суда – 0,006%

Ғаламшарлар арасында Жерде ғана су сұйық күйде кездеседі. Гидросфера мен оның құрамдас бөліктерін зерттейтін ғылым 
саласын гидрология деп атайды. 

Судың қасиеті: 0°-4° қыздырғанда көлемі азайып, температураны көтерген сайын көлемі ұлғаяды.  Су 100°С -та қайнайды, 0° су қатты күйге, мұзға айналады.      

Дүниежүзілік су айналымы

        Судың атмосфера арқылы мұхиттан құрлыққа және құрлықтан мұхитқа алмасуының осы үздіксіз үдерісін табиғаттағы дүниежүзілік су айналымы деп атайды.Дүниежүзілік су айналымы осылай жүреді: мұхит – атмосфера – құрлық – мұхит. Күн сәулелерінің ықпалынан су Дүниежүзілік мұхиттың бетінен үздіксіз буланады да, жоғарыға көтеріліп салқындайды, суи бастайды және бұлттар пайда болады. 

 Үлкен су айналымы (екінші су айналымы): Құрлыққа қарай қозғалған бұлттардан да сұйық немесе қатты түрде жауын-шашын түседі. Атмосфералық жауын-шашынның бір бөлігінің сулары Дүниежүзілік мұхиттың теңіздеріне немесе Каспий мен Арал теңіздері секілді тұйық су айдындарға таситын өзендерге құяды. Құрлыққа атмосфералық жауын-шашын түрінде түскен судың екінші бөлігі құрлық беті арқылы төмен өтеді және жерасты суларымен Дүниежүзілік мұхитқа не өзендерге қайта қосылады.

Дүниежүзілік су айналымы кезінде мұхиттардан буланған судың бір бөлігі атмосфераға таралып кетеді. Дегенмен, гидросферадағы су мөлшері азаймайды. Себебі, жанартау атқылау кезінде мантиядан шыққан сулар қосылып отырады. Мантиядағы су көлемі 20 млрд км . Тіпті гидросфераның мөлшері осы себептен көбеюде деген болжам бар.  

Құрлық сулары

         Біз құрлық сулары мен жерасты суларының гидросфера құрамындағы үлесінің аз екендігін білеміз, бірақ олар табиғатта ерекше орын алады. Өзен – өздері қалыптастыратын арналар арқылы ағатын табиғи су ағындары. Өзендер ұзындығы мен суының молдығына қарай ажыратылады. Ніл өзені (6671 км) – дүниежүзіндегі  ең ұзын өзен, ал Амазонка өзені – ең суы мол өзен.

         Көл – суға толы табиғи арна. Көлдер тереңдігіне, алып жатқан ауданы және абсолюттік биіктікте орналасуына қарай ажыратылады. 
Байкал көлі (1620 м) – әлемдегі ең терең көл. Алып жатқан ауданына қарай ең үлкен көл – Каспий теңіз-көлі – 376 000 км². Ал Титикака көлі теңіз деңгейінен 3812 м биіктікте орналасқан. 

        Мұздықтар – мұз шоғыры болып табылатын табиғи түзілістер. Мұздықтар ғаламшарымыздың бетінде 16 млн. км2-ден астам аумақты, яғни бүкіл құрлық ауданының шамамен 11%-ын алып жатыр.Олардың жалпы көлемі 30 млн. км3-ге жетеді. Жердегі мұздықтардың бүкіл ауданының 99%-дан астамы поляр аудандарына тиесілі. Сондай-ақ мұздықтар экватор маңындағы биік таулардың шыңдарында да кездеседі. Мысалы: Африкадағы Килиманджаро тауында, биіктігі – 4500 м. 

      Жерасты сулары. Жерасты суларының Жер бетінен төменде таулы жыныстарда газ тектес, сұйық және қатты күйде орналасуы – олардың ерекшелігі. 16 шақырым тереңдікке дейінгі Жер қойнауындағы тұщы су қорларының болжамды есебі 400 млн км3 көрсеткішті құрайды. Жерасты суларының мол қоры Африка мен Азияда шоғырланған.

       Су адамның шаруашылық іс-әрекетінде, ауылшаруашылығында, кеме қатынасы мен өнеркәсіпте кеңінен пайдаланылады. Адам су 
күшін электр энергиясын алу үшін пайдаланады. Сонымен гидросфера суы – адам іс-әрекеті үшін қажет шарттардың бірі.

Үй тапсырмасы

Үй тапсырмасын көру үшін жүйеге кіріңіз